Главная | Регистрация | Вход | RSSСуббота, 10.12.2016, 15:46

Учителя Алматы

Меню сайта
Категории раздела
Биология [28]
ИЗО [12]
Профессиональное обучение [6]
Внеклассное чтение [16]
География [22]
Духовные ценности [10]
Если хочешь быть здоров [48]
Информатика [58]
История [49]
Иностранный язык [99]
Книжная полка [49]
Компьютер-бум [10]
Казахский язык и литература [182]
Математика [85]
Мир науки [11]
Моя Родина - Казахстан [42]
Музыка [97]
Начальная школа [399]
Общество семи муз [12]
Психологический клуб [11]
Русский язык и литература [132]
Родительское собрание [11]
Творческая личность [20]
Технология [21]
Физика [20]
Химия [31]
Экологическое воспитание [13]
Самопознание [35]
Наш опрос
Считаете ли вы результаты ЕНТ справедливыми?
Всего ответов: 1523
Статистика

Онлайн всего: 3
Гостей: 3
Пользователей: 0

Каталог статей

Главная » Статьи » Мастерская учителя » Творческая личность

ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ БОЛҒАН ҒАЛЫМ
№ 1, 2008
 Гүлназия Балабекова,
ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері,
«Химик анықтамалығы» журналының бас редакторы

«Ұстаздардың Ұстазы» атанған ғалым ағамыз Иманмәлік Нұғыманұлы бұл күнде арамызда болса 80 жасқа толар еді. Амал не тағдыр ол кісіні арамыздан алып кеткенінеде, міне 5 – 6 жылдың жүзі болды. Тірі адам тіршілігін істейді, өмір өз кезегімен алға жылжиды десек те, артына ұмытылмастай із қалдырып, сонысымен әр кез жадымызда жүретін  жандар аз емес. Біз сөз етіп отырған  Иманмәлік Нұғыманұлы марқұм да осындай жандардың бірі.
Бар ғұмырының тірегі болған қымбатты жанұясы, жора-жолдас, туыстары, әріптес іні-бауырлары, біз сияқты алдынан білім алған сан мыңдаған шәкірттері асыл ағаның бейнесін жүректерінен өшірген жоқ. Себебі, Иманмәлік аға дүниедегі ең құрметті де қадірлі мамандық иесі - ұстаздықтың шыңына шықты. «Ғұмырыңды он жылмен өлшесең - үй сал, жүз жылмен өлшесең - ағаш ек, ал мың жылмен өлшесең - ұрпақ өсір» деген шығыс даналығы осы ағамызға арналып айтылғандай.
Ұрпақ біздің – болашағымыз. Үйдегі өз баласын ғана сүйіп, еміреніп тәрбиелеу бір басқа, өзгенің баласын өз баласындай көріп, сүйіспеншілігін шашу екінің бірінің қолынан келмейді. Ал Иманмәлік аға еңбек жолын мектептен бастап, өмірінің соңғы күніне дейін бүгінгі ұрпақ үшін, болашақ ұрпақ үшін бар күш жігерін төкті, бойындағы сүйіспеншілік пен мейірімін алдында отырған қазақтың қара көз баласына арнады. Демек, бұғанасы қатпай, еңбекке ілінген күннен бастап, жарты ғасыр ғұмырында қаншама ұрпақ тәрбиелеп, үлкен өмір жолына аттандырып салса, ғалым ағаның өмірінің жалғасы солар емес пе?!.
Балдәурен балалық шағында жетімдіктің дәмін тартып, ана мен әке махаббатына сусап өскен, жетімхананың тәрбиеленушісі ретінде Иманмәлік аға мейірімсіз, қатыгез болса да біздің қоғам оған әдеттегі құбылыс ретінде қарар еді. Бірақ көкірегі ояу, жүрегі таза аға тағдырдан өзінің көрген күнін, басына түскен ауыртпашылығын өзге ешкімге бермеуін, өзі сияқты ешкім сүйіспеншіліктен құр қалмауын тілеген сияқты. Мойнына түскен ауыр жүкті мойымай көтерген балғын жігіт сол қиын-қыстау кездің өзінде-ақ, ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнайтынын анық сезген болар. Осылайша ес білгеннен бергі жан дүниесімен беріле істеген еңбегі де, қызметі де жас ұрпақ тәрбиесіне арналған ғалым ағаны «Ұстаздардың Ұстазы» деген үлкен әріппен өрнектелген абыройлы атқа, халық құрметіне әбден лайықты деуіміз заңды-ақ. Жарты ғасырдан астам ғұмырын тек қана ұрпақ тәрбиесіне арнаған осы бір қарапайым да біртоға жан ешқашан өз еңбегі үшін үкімет тарапынан, мемлекет тарапынан үлкен марапаттаулар күткен емес. Ол кісі өз Отанына адал қызмет ету әркімнің де азаматттық борышы деп білді. Баз біреулер сияқты еткен еңбегіне баға сұрау, сый-сияпат дәмету дегенді жаны сүймейтін Ұстаз аға үшін еткен еңбегінің өтеуі – шәкірттерінің білімді де, тәрбиелі, адал азамат ретінде Отанның алғы шебінде жүргенін көру еді. Ұстаз шәкірттерімен бақытты деген осы болар. Алдынан өткен әрбір шәкіртінің болашағына алаңдап, өмір жолында өз соқпақтарын адаспай табуына жол сілтеп отырар Иманмәлік ағадай ұстаздары болған менің және мен сияқты мыңдаған әріптестерімнің бағы бар екен дер едім. Ұстаз еңбегі ел аузында жүрсе, соның өзі үлкен құрмет, сый-сияпат. Бірінші құдай, құдайдан кейін халық дейді. Осы еңбек еткен 50–60 жылда аға қаншама шәкірттің жүрегіне білім нәрін құйып, көкірегіне шамшырақ ұялатса, соның бәрі – қара халықтың бір тобыры. Демек, осы халықтың Иманмәлік ағаға деген ыстық ықыласы, сүйіспеншілігі, алғыс айтқысы келген адал ниеттерінің өзі мемлекеттік атақ-даңқтан да артық үлкен сый-құрмет. Мұндай сый-құрметті ешкім сатып ала алмайды. Мұндай сый-құрмет өмір бойы мысқалдап жиналады. Ал, Иманмәлік ағадай ғұмырын тек қана адалдықпен, төзімділікпен, еңбекқорлықпен өрнектеп, жан-жағына тек жақсылық шуағын шашуға ұмтылған ұстазға халық құрметі мен ізгі ниетінен артық сыйдың керегі де жоқ еді. Әрине, халқына сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Үкімет тарапынан да, Білім министрлігі тарапынан да жоғары марапаттауларға ие болды.
Әрбір ұстаз шәкіртінен үлкен үміт күтеді. Иманмәлік ағаның үлкен үміт күткен шәкірттерінің бірі мен едім. Ұстазымның үмітін қаншалықты ақтап келе жатқанымды өмір өзі сараптар. Бірақ осы әсем Алматыда қалып, бала кезімнен армандаған екі мамандығым - педагог пен журналистікті қатар ұстауға әуелі құдай, одан кейін септігін тигізген Иманмәлік ағаның алдында өзімді өмір бойы борыштар сезінемін. Ұстазымның бір ауыз ұсынысы болмаса баспаға барып, педагог журналист, редактор болып қызмет атқарамын деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бұл да болса Иманмәлік ағаның баспа басшыларының, қызметкерлерінің алдындағы жоғары беделінің арқасы еді. Баспада мен педагог-ғалым, маман, баспагер Қабділрашид Қайым ағадан тәлім алдым. Міне, осылайша он бес жыл педагогтерге қызмет ететін педагогикалық басылымдарда еңбек етіп келемін. Республикаға тарайтын педагогикалық басылымдардың жүгі де, жауапкершілігі де ауыр. Себебі, республиканың түкпір-түкпірінде әрбір мұғалім біздің журналдарды арнайы құжаттай, онда жазылған әрбір мақаланы өздеріне бағыт-бағдар беруші ретінде қабылдайды, өздері де сондай сабақ өткізуге ұмтылады. Ауылдық жерлерде ана тіліндегі әдістемелік құралдардың тапшылығы мұғалімдердің кәсіби шыңдалуына қолбайлау болып отырғаны баршамызға мәлім. Сондықтан да педагогикалық басылымдар әрбір қарагөз қазақ мұғалімдерінің қажетін өтеуге, қала мен ауыл мұғалімдерінің бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызуға ұмтылады. Бұл жұмыс күн демей, түн демей үзіліссіз ізденуді, шығармашылықты, әрі мектеппен байланысты қажет етеді. Осындай жауапкершілігі өте жоғары жұмысты менің алып кете алатыныма Иманмәлік аға мен Қ.Қайым ағаның сенім артқаны мені үнемі қуаттандырып, әрі қуантып отырады.
Қызметім әрине өзіме қатты ұнайды, бірақ жүрек түкпірінде «Ұстазымның менен күткені осы ғана ме еді?!» деген сауал да маза бермейді. Себебі, ұстазым мені институттан соң бір-екі жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинаған соң аспирантураға түсіп, ғылымға бет бұрады деп ойлады. Ол кісі 1997 жылы шыққан «Химия оқу кітабы» деген кітабына маған былай деп қолтаңба қойыпты: «Гүлназ! Талабың мен қаламыңды ұштап, ғылымға да бет бұратын шығар деп үміттенуші мұғалімің Иманмәлік». Ал мен болсам баспа қызметінің қызығына түсіп, ғылымға біржола бет бұруға қол тимеді ме, жоқ мойын жар бермеді ме білмеймін, әйтеуір әне-міне деп созбақтай беріппін. Енді қазір ұлағатты ұстаздың көзі тірісінде сол кісінің ізденісін ары қарай жалғастырып, үмітін ақтамағаныма кейде қынжыламын. Ұстазымның кенеттен дүниеден озғаны өмірдің қысқа екенін, алдамшы екенін ескерткендей болды.
Ұстаз ғалым Иманмәлік Нұғыманұлы өзін әрдайым «қарт ҚазПИ-мен құрдаспын» деп отыратын. Мектепте, содан кейін Кеңес Одағы тұсында педагог мамандар даярлайтын республикадағы бірден-бір жоғары оқу орны болған ҚазПИ-де қызмет еткен жылдары ұстаз үшін үлкен өмір жолы болды. Осы үлкен өмір жолында кездескен талай қиындықтар мен жоқшылықты мойымай көтеріп, биік асуларға ұмтылған ұстаздың алған биіктері бір басына аз емес. Ұрпақ тәрбиесіне бар денін, зейінін арнаған И. Нұғыманұлы осы істеген еңбектерінің нәтижелерін, тәжірибесін отандық және шетелдік әріптестерімен бөлісе білді. Бауырлас елдерде және өзімізде өткен талай педогогикалық оқуларда, мұғалімдер съездерінде нақты ғылымдардың көлеңкесінде қалған оқыту әдістемесін ғылым қатарында тануға ден салды. Ресейде қазан революциясынан кейін ғана орта мектептердің оқу жоспарынан химия өзіне лайықты орын алды. Кеңес мектебіндегі оқыту сипатының сол кезеңдегі жалпы бағыттарына сәйкес химия курсының мазмұнын анықтау 1933-34 жылдары қолға алынды. Ал Қазақстанда химияны оқыту әдістемесін жасау және жетілдіру ісі 1940 жылдардан бастау алды. Әдістемеден зерттеу жұмыстары 1950 жылдарда Қазақтың Абай атындағы педагогика институтының химия кафедрасы, республикалық педагогика ғылымдары ғылыми зерттеу институты жанынан аспирантура ұйымдастырылғаннан кейін жандана түсті. И.Нұғыманұлы осы оқу орнында өзі қызмет ете жүріп, химияны оқыту әдістемесіне, оның тілі мен химиялық номенклатурасына өте көп көңіл аударды.
Химия ғылымының сан ғасырлар бойы жинаған мол білім қазынасы тілі арқылы тіркеліп, ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді. Ғалым химиялық тілдің маңызын, мәнін, оның химия саласындағы таным мен қатынастың құралы екенін көп жылдар бойы ғылыми тұрғыда зерттеді. Иманмәлік Нұғыманұлының ғылым саласындағы зор баға жетпес еңбегі осы химия тілінің табиғатына терең үңілуінде еді.  Химия ғылымының тарихи даму кезеңдерінде қалыптасқан арнайы тілі бар. Ол жалпы халықтық ұлттық тілдің, яғни табиғи тілдің негізінде пайда болған. Ғалымның зерттеуі бойынша химиялық тіл заттар мен құбылыстарды белгілеу үшін жасалған арнайы таңбалар жүйесі. Ол химиялық символикадан, номенклатурадан және терминологиядан тұрады және әр бөлігінің өзіндік мағынасы, құрастыру тәсілдері, танымдық қызметі бар. Химиялық тіл арқылы оқушыларға жаңа білім беріледі, алған білім бекітіледі және білімі тексеріледі. Химиялық тіл мектептегі химияны оқыту үрдісінде жан-жақты дидактикалық қызмет атқарады, сондықтан мұғалім химиялық тілдің табиғатын, оқушыларға үйрету әдісін жете меңгеруі тиіс. Осы орайда ғалым 1970-80 жылдар аралығында химиялық тілге және химиялық символика мен номенклатураны оқытуға байланысты ғылыми әдебиеттердің тапшылығын ескеріп, мектеп мұғалімдеріне және ЖОО студенттеріне арналған бірнеше әдістемелік оқу құралдарын шығарды. Санамызды орыс тілі билеп тұрған заманда ана тілімізде жарық көрген бұл оқу құралдарының маңызы аса зор болды. Бұл кітаптар қазақ тіліндегі оқу әдістемеліктерге зәру болып, сусап отырған ауыл мектептерінің мұғалімдеріне кішкентай қанатымен су тасыған қарлығаштай болды. Химиялық тілді жете меңгермейінше орта мектепте өтілетін химияның негізін саналы түрде игерудің мүмкін емес екенін ғалым көре білді. Күнделікті және қорытынды, ауызша және жазбаша сұрау кезінде оқушылар өз білімін химиялық тіл арқылы баяндайды. Демек, химиялық тіл  оқушылардың химиялық сауаттылығының маңызды көрсеткіші. Осы орайда ғалым бұл кітаптарда оқушыларға ғылыми тілді қалай меңгерту, оны қалай дұрыс ғылыми қатынас құралы ретінде сабақта пайдалану керектігін ғылыми тұрғыда және көрнекі мысалдармен түсіндіріп берді. Оқу құралдарында химия тілінің семиотикалық мәселелері талданды. Содай-ақ химиялық символика мен номенклатураны оқыту әдістемесі жеке тақырыптар бойынша қарастырылды. Химиялық тілге байланысты сыныптан тыс жұмыстар жүргізілетін материалдар келтірілген, мұғалімнің күнделікті оқыту үрдісінде пайдаланатын бейорганикалық қосылыстар номенклатурасының ережелері берілген. Бұл оқу құралдарының тағы бір маңыздылығы  күнделікті жиі қолданылатын кейбір химиялық өнімдердің тұрмыстағы атаулары ұсынылған. Бұл мұғалімдер үшін де, оқушылар үшін де қызықты әрі пайдалы білім. Ғалым бұл оқу құралдарын өзінің көп жылғы тәжірибесі мен байқауларының негізінде жазды.
Осы  көп жылғы зерттеулерінің нәтижесін И.Нұғыманұлы  өзінің кандидаттық және докторлық диссертацияларында жүйелеп, қорытындылап берді. Докторлық диссертациясына арқау болған орта мектепте химияны оқыту әдістемесі туралы жүргізген зерттеу жұмыстарының негізінде ғалым 1993 жылы «Рауан» баспасынан «Химияны оқыту әдістемесі» деп аталатын жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулығын жарыққа шығарды. Химияны оқыту әдістемесіне арналған қазақ тіліндегі бұл тұңғыш оқулықта химияны мектепте оқыту әдістемесінің жалпы және жеке мәселелері, сондай-ақ химияның маңызды ұғымдарын қалыптастыру және дамыту әдістемесі жаңашыл мұғалімдердің тәжірибесін жан-жақты талдау негізінде берілген. Бұл оқулық педагогикалық оқу орындарының студенттеріне ғана емес, орта мектеп мұғалімдеріне де маңызы зор әдістемелік көмекші болды. Мұнда орта мектеп курсында оқылатын химияның барлық ірі тақырыптары бойынша негізгі материалдар, әдістемелік нұсқаулар, тапсырмалар мен бақылау сұрақтары берілген. Химиялық негізгі ұғымдар орта мектептегі курстардың әр түрлі теориялық деңгейлеріне байланысты қарастырылып, кітаптың екінші бөлімінде олар үздіксіз талданған. Ғалым оқулықта химияны оқыту әдістемесінің соңғы жетістіктерін және өзінің көп жылғы зерттеулерін, сабақ берген тәжірибесін пайдаланды.  Негізгі тақырыптар бойынша берілген көп мағлұматтар, тақырыпты оқытар тұстағы әдістемелік кеңестер орта мектеп мұғалімдері үшін аса құнды еді. Сол үшін де ағаның бұл оқулығы оқырмандар тарапынан көп сұранысқа ие болды. Баспа екінші рет қайта басып шығаруды жоспарлаған еді, бірақ 1995-1997 жылдардағы дағдарыс қолбайлау болды. Бірақ бұл оқулық Қазақстанда химияны оқыту әдістемесіне арнайы жазылған қазақ тіліндегі тұңғыш еңбек ретінде өз бағасын әлі күнге дейін жоғалтқан жоқ.  Тұңғыш рет Иманмәлік ағамен  осы кітабының редакторы ретінде жұмыс істедім. Ғалым ағамыздың институт қабырғасында байқамаған көп қасиеттерін кейін білдім. Баспа қызметінде жүріп  Иманмәлік ағаны жаңа қырынан тани  бастадым. Бұрын тек білімі терең, студенттерге дәріс оқу мәнері өзгеше, еңбекқор ұстазымды білсем, енді жазған қолжазбасына қол тигізуге қимайтын, өте сауатты, химияның ауыр терминдерінің өзін оқырманға түсінікті бере білген, тілі жатық, нәрлі жазылған дүниені көріп, үлкен жүректі ұлағатты  ұстазымды қаламының  қарымы кең автор ретінде таныдым. Ол кісімен автор редактор бірлестігінде жұмыс істеу бір ғанибет болатын. Кейін келе ағаның өлеңдері қолыма түскенде «Қазақтың бір асқан ақыны химиктердің арасында көрінбей жүр екен ғой. Химик болмағанда Иманмәлік аға дарынды жазушы әлде талантты ақын болатын кісі екен» дедім.
1997 жылы  И.Нұғыманұлы қызы Роза Мулькинамен бірге «Химия оқу кітабы» деп аталатын еңбегін жарыққа шығарды. «Рауан» баспасынан жарық көрген бұл кітапта  химияның даму кезеңдері, заңдары мен теорияларының ашылу тарихы туралы баяндалған. Оларды ашқан әйгілі ғалымдар өмірінен қызықты деректер келтірілген. Химияның жалпы тарихы түпсіз шежіре. Бірнеше томдық баяндауға жетеді. Сол шежіреден орта және жоғары мектепте өтілетін химия заңдары мен теорияларының ашылу тарихына ғана тоқталған ғалымның бұл еңбегі де жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп мұғалімдері арасында кең қолдау тапты. Бұл еңбектің мектеп оқушылары үшін танымдық әрі анықтамалық қызметінің өзі құнды болды Зерттеу жұмыстарын ары қарай жалғастырған ғалым бұл салаға  шәкірттерін де баулыды. Химиялық тіл мен номенклатураға және орта мектепте химияны оқыту әдістемесіне байланысты тақырыптарға ғалымның жетекшілігімен қаншама кандидаттық және докторлық диссертация қорғалды. И.Нұғыманұлы шәкірттерін де өзі сияқты тақырыпты терең бойлап зерттеуге, жай теориялық материалдармен шектеліп қалмай міндетті түрде педагогикалық тәжірибеге сүйенуге баулыды. Ғалым бірінші орынға үнемі мектептің іс-тәжірибесін қоятын. Мектеппен байланыссыз ешқандай оқыту әдістемесі болмайтынын шәкірттерінің жүрегіне құя білді. Сондықтан да ол кісінің аспиранттары үнемі мектепте өздері сабақ беріп, әріптестерінің сабақтарына кіріп алашапқын болып жүретін. Ағаның өзі де аспиранттарының сабақтарына қатысып, талқылап отыратын. Әрбір жұмысқа аса жауапкершілікпен қарайтын бұл мінезі кейде «ылдым-жылдым» аспиранттарға ұнамай да жататын. Бірақ «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген нақылға сүйенсек, ғалымның зерттеу жұмыстарының шалағай болмай, әбден иуін қандырып барып ортаға ұсынуы  ғылым үшін аса бағалы. Мұндай тас түйіндей әбден зерттелген дүниелер телегей теңіз ғылымды селк еткізетін бір тегеурінді толқындай десе де болады. Себебі, қазір бір-екі жылдың ішінде апай-топай қорғалып жатқан дүниелер өте көп. Ғылымның дамуына үлес болып қосылмайтын жаттаурын тақырыптар, бір мазмұнды диссертациялар ғылымның тоқырауына әкеледі. Ал ғылым алға жылжып даму үшін жарқ еткен жаңалықтары бар зерттеулер, онымен айналысатын марқұм Иманмәлік Нұғыманұлы сынды білімі биік, өресі кең, шыдамды, еңбекқор, үлкен жүректі азаматтар керек-ақ. Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген Иманмәлік Нұғыманұлының шәкірттерінің арасында, оның жазған оқулықтарымен, оқу құралдарымен білім алып жатқан қаншама жас ұрпақтардың арасында Ұстаз ғалым ағамыз армандағандай ел ғылымын биік дәрежеге көтеретін азаматтар бар екеніне сенімім мол.
Ғалым өмірінің соңғы жылдары білім саласындағы ірі бетбұрыстарға да атсалысты. Қазақстан егемендігін алған соң жетпіс жыл Ресейдің оқулықтарын аударып оқып келген орта мектепке отандық төл оқулықтар керек бола бастады. Сол кезде ғалымның көрегендігін тағы бір мойындадым. Иманмәлік аға химиядан төл оқулықтың керек екенін Қазақстан егемендігін алмай тұрып-ақ көтерген болатын. Ол кезде біздер студент едік. «Қазақ мектептері ресейдің оқулықтарымен емес, өзімізідің оқулықтармен білім алу керек. Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері болады, соны ескеріп жазған оқулықтармен білім алғанда ғана оқушылардың өз отанына деген көзқарасы жылы болмақ. Мен өзім Ресейдің талай оқулықтарын аударған аудармашы ретінде, әрі сол оқулықтарды жете талдай келе осындай ойға келдім. Оқулық жазуды қолға алдым.» деп отыратын. Біздерге сол аударма оқулықтарды түпнұсқамен салыстыра талдатып, пікірімізді тыңдайтын. Иманмәлік Нұғыманұлы сол бастаған ісін аяғына жеткізіп, химиядан жазылған тұңғыш төл оқулықтардың (8-9 сыныптарға арналған) авторы болды. Жоғарыда айтып кеткендей бұл оқулықтардың іргетасы сонау мамыражай 90 жылдары қаланғанын ескерсек, оқулықтың мазмұны, тақырыптарының іріктелуі, тапсырма, жаттығу, сұрақтардың мән-мағынасы оқушының жас ерекшелігіне қарай әбден сұрыпталып, көп мәрте сынақтан өткеніне кәміл сеніңіз. Сондықтан да бұл оқулықтардың сапасы жайында сын естімейсіз.
 «Ғалымның өзі өлсе де хаты өлмейді» дейді, ғалым ағаның артына қалдырған осындай мол мұрасы бүгінгі ұрпаққа ғана емес, әлі талай буын ұрпаққа қызмет етері сөзсіз. Сондықтан Иманмәлік ағаны арамыздан кетті деуге болмайды, ол кісі әлі де бізбен бірге.
 Алдыңыз бейіш, артыңыз кеніш болсын, Иманмәлік аға! 
Категория: Творческая личность | Добавил: teacher-almaty (16.07.2008)
Просмотров: 5551 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 4.5/2
Всего комментариев: 1
1 Гулмира   (23.09.2009 09:51)
ағаның жарық көрген кітаптарын алғым келеді. Мүмкіндік болса қайдан алатынымды айтсаңыздар.

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Вход на сайт
Поиск
Друзья сайта

Академия сказочных наук

  • Театр.kz


  • Copyright "Школа" Интернет-портал "Детство-kz"© 2016
    Сайт управляется системой uCoz