Главная | Регистрация | Вход | RSSВоскресенье, 04.12.2016, 06:55

Учителя Алматы

Меню сайта
Категории раздела
Биология [28]
ИЗО [12]
Профессиональное обучение [6]
Внеклассное чтение [16]
География [22]
Духовные ценности [10]
Если хочешь быть здоров [47]
Информатика [58]
История [48]
Иностранный язык [99]
Книжная полка [49]
Компьютер-бум [10]
Казахский язык и литература [181]
Математика [85]
Мир науки [11]
Моя Родина - Казахстан [42]
Музыка [97]
Начальная школа [399]
Общество семи муз [12]
Психологический клуб [11]
Русский язык и литература [129]
Родительское собрание [11]
Творческая личность [20]
Технология [21]
Физика [20]
Химия [31]
Экологическое воспитание [13]
Самопознание [35]
Наш опрос
Считаете ли вы результаты ЕНТ справедливыми?
Всего ответов: 1521
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Каталог статей

Главная » Статьи » Мастерская учителя » Внеклассное чтение

Әуезов әлемі

Уразбаева Жамила Арынбекқызы,

Әуезов ауданы

 № 123 көпсалалы мектеп-гимназиясы

Фирдоуси мен Гомер,

Гете мен Бальзак,

Шекспир мен Толстой сияқты,

біздің Әуезовіміз де

бүкіл адамзаттың

Әуезовіне айналып отыр.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев.

Туған халқын төрткүл дүниеге мәшһүр еткен үлкен суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезов кемел ойдың кеніші, кенен сөздің өрісі. Қазақ әдебиетінің барлық жанрына тұңғыш рет калам тартып, бәрін игеріп, сол арқылы тіліміздің шырайын, еліміздің шырайын танытқан қарымды қаламгер, дарынды ғалым. Ұлы жазушы, данышпан ойшыл, ғұлама ғалым, асыл азамат Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің мерейтойы – тәуелсіз еліміздің рухани өміріндегі айтулы оқиға.

Әйгілі отандасымыз құрмет пен ынтық ықыластан ешқашан кенде болып көрген емес. Көзі тірісінде көп ұлтты әлемдік мемлекеттің ең жоғары сыйлықтарының иегері болды. Дүние жүзі классиктерінің санатынан мәңгілік орын тепті. Әдебиет аясының әйгілі сарапшылары оның дүбірлі даңқына дүркірей қол соқты.

Бүгін атағы соншама жер жарған санлақ жазушының мерейтойы тұңғыш рет халықаралық деңгейде, әлемдік дәрежеде тойланып отырғанын ерекше мақтанышпен айтуға тура келеді.

Дүниеге қазақ перзенті болып туып, адамзат перзенті болып аттанған М.О.Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі. Заманмен бірге тебіреніп, мәңгілікпен үндесе білудің айқын өнегесі.

Ол талай жер теңселтіп, ел сенделткен әлеуметтік сілкіністердің, қиялды қысыратып, сананы тоқыратқан түбегейлі өзгерістердің жаппай теңдікке ұмтылып, елдікке құлшынған рухани буырқаныстар кезеңі болып, тарих қойнауына аттанғалы отырған жиырмасыншы ғасырмен жарық дүниеге бірге келіп, ол кешкен ғаламаттар мен тауқыметтерді де табандылықпен бастан кешіріп, дүниеден өтті.

Оның көкірегіндегі шалқар шабытты да сол бір ұлы дүмпулер оятты. Ғасыр басында қазақ топырағында да ұлт бостандығы мәселесі күн тәртібіне батыл қойылғаны мәлім. М.Әуезовтің азаматтық жазушылық тағдыры қазақ халқының ұлттық сана-сезіміндегі осынау түбегейлі өзгерістермен тікелей байланысты болды.

Ақыры қазақ халқы жаңа ХХ ғасыр табалдырығынан Абай секілді хас данышпанды алдына салып аттады. Осынау зорлық көрген сайын молыға түскен өнер қуаты, соның шырқау шыңына айналған Абай мұрасы ұлттық санамызды мейлінше кемелдендіріп, жаңа рухани ізденістерге жігерлендірді. Елдің тағдырына қатысты күрделі мәселелерді алға тартты. Ұлттық сезім ұлттық санаға айналды. Ғасыр басындағы «Алаш» қозғалысы осылай өрбіп, осылай бой көтерді. М.Әуезов те тап осы топырақта өркен жайды. Елді өркениетке жеткізудің тәуелсіздіктен басқа жолы жоқ екенін дұрыс түсінген сындарлы қоғамдық санадан бастау алды.

Әуезов өмірі мен еңбегінің халық үшін қаншалықты маңызды болғанын кейін тарихтың өзі дәлелдеді. Ол аласапыран кезеңдерде халқымыздың талай рет үзіліп қала жаздаған мәдени-рухани арқауына, ұлттық сана сезіміне дәнекер болып, кешегі күннен бүгінгі күнге аман жетуіне себепкер болды.

Қызыл империя патшалық Ресейден әлдеқайда қу, әлдеқайда қауіпті болатын. Онымен ашық күресу қазақ секілді шағын ұлттың шама-шарқына шақ келмес жүрек жұтқандық болар еді. Сондықтан өз ұлтына жасаған қиянатпен, зорлықпен М.Әуезов өз ұлтының көлденең көз көре алмай жатқан қадір-қасиетін жан-жақты ашып көрсету арқылы күресті. Сол арқылы әлем таңданарлық ұлы жеңіске жетті. Ол жеңістің аты – «Абай жолы» эпопеясы еді.

Қазақ әдебиетінде драматургия жанры тек Мұхтар Әуезов қана ашқан жаңалық. Одан бұрын қазақтың ұлттық әдебиетінде ауызға аларлық пьесаның өзі түгіл, исі де болған жоқ. Қазақ драматургиясының алғашқы жолын Мұхтар Әуезовтің қаламынан 1917 жылы туған «Еңлік – Кебек» пьесасы тартты. Осыдан баталған қазақ драматургиясының тарихына Мұхтардың өзі жиырмадан астам пьеса қосты.

Абайды 17 жыл зерттеп, 12 жыл жазған Мұхаң «Еңлік – Кебек» пьесасын сонау 1917 жылдан 1956 жылға дейін үзбей жазып, 5 нұсқасын жасапты. Неге? Оның бір себебі – Мұхаң үшін «Еңлік – Кебек» «Абай жолындай» ауқымды эпикалық шығарманың бас-аяғы жинақы, кішкене бір түрі есебінде болған. Қайта-қайта жазды, он ойланып, мың толғанды. Өмірінің соңғы кезіне дейін. Себебі «Еңлік – Кебек» - тарихи шығарма.

Қазақ театр өнерінің ең алғашқы классикалық үлгісін жасаған да осы Мұхаң. Оның басты дәлелі 1917 жылдың 7-маусымында ашылған қазақша сахнаның алғашқы шымылдығы. Дәл осы күні Қарауылда Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек» спектаклі алғаш рет сахналанды. Сөйтіп, бүгінге дейін жалғасып келе жатқан театр өнерінің алғашқы тырнақалды қадамы жасалынды. Бұл жерде нақты драматургиялық шығарманың материалы туралы да айта кеткеннің ағаттығы жоқ. «Еңлік – Кебек» оқиғасының өзі, ақиқатында, Матай мен Тобықты арасындағы дүркіреп өткен жесір дауы ғой. Еңлік – Матайдың қызы. Кебек – Тобықтының батыры. Қазақы дәстүрге сай, сонымен бірге Еңлік Найманның жесірі де. Соңынан драмаға ұласқан жанжалды оқиғаның себепті салдары осы. Яғни, тарихта болған оқиға.

Тарихи оқиға, тарихи тұлға дегеннен шығады. Кезінде осы оқиғаны ұлы Абайдың да қағазға түсіртіп, елге таратуға бастамшы болғаны рас. Абайдың ұсынысымен жырдың алғашқы нұсқасын жазған – Мағауия. Алайда Мағауия дастанын Абай ел арасына таратпай тоқтатып тастаған. Себебі дастандағы Кеңгірбай бейнесі жергілікті жұрт наразылығын тудырады деп ойлаған. Абай бұдан кейінгі нұсқаны Шәкәрімге жаздырады. Бұл нұсқа біршама жеңілдеу және Кеңгірбай бейнесі жалпылама түрде айтылады. Мұхтар Әуезов 18 жасында Мағауия нұсқасын басшылыққа ала отырып, спектакль жазған. Ал 1917 жылдың 7-маусымында Қарауылда Тұрағұлдың үлкен қызы Ақиланың ұзатылу тойында қазақ жұрты үшін таңқаларлық жағдайда екі қазақ үйді қабаттап тігіп, осы пьесаны қояды. Бұл – Ақиланың Оразбай баласы Медеудің Саниязына ұзатылу тойы еді. Осы тойдың өтуіне, ерекшелігіне ой тастаған және «Еңлік – Кебек» спектаклінің қойылуына мұрындық болған – Тұрағұл.

Жоғарыда айтылып өткендей «Еңлік – Кебектің» алғашқы нұсқасы сахналанғанына тоқтар болсақ. Ол той Ералы жазығындағы Ойқұдық жайлауында өткен. Демек, қазақ кәсіби сахна өнерінің кіндігі кесілген жері де осы Ойқұдық. Ойқұдық атауы – бір жағынан символикалық әдемі атау. Ойдың құдығы, ойдың құтысы, ой-сана, театр дегенді білдірсе керек.

«Ойқұдық» ойыны, қазақ жерінде тұңғыш «классиканың» тууына және «режиссер» мамандығының бастауына себеп болып, драмадағы «драматург», «суфлер», «администратор», деген қаракетті істердің қазығын қақты. Осылайша Мұхаң 20 жасында театр өнерінің бар буынын түгендеп, алғашқы классикалық үлгісін жасады.

Ұзақ жылдарға созылған терең ізденістің, қат-қабат шырғалаңдардан адаспай тура жол тауып, ұлы мақсаттан ауытқымаған зор шығармашылық қажыр-қайраттың нәтижесінде дүниеге келген төрт томдық эпопея дүние жүзі әдебиетінің көркін асырып, кемел төрінен орын алды. Тек түркі тілдес әдебиеттерде ғана емес, күллі шығыс әдебиетінде бүгінгі әлемдік кітапханада ұлттық болмысты ғана емес, көшпелі өркениет пен шығыстық психологияны, оның философиялық төркіндері мен әлеуметтік астарларын «Абай жолындай» кең қарымды жеткізген басқа шығарманы әлі күнге таба алмайсыз. Батыс классикасының ең үздік туындыларымен үзеңгілес тұра алады.

«Абай жолы» қазақты әлемге танытып қана қойған жоқ. Ең бастысы қазақ халқы «Абай жолы» арқылы өзін де тереңірек түсінді, жақсырақ таныды. Романдағы Абай өз елінің, өз жерінің бүкіл асылы мен ажарын, биік ойы мен ақтық сезімін, арман-мұратын, рухани қуатын бойына жинақтаған ұлы тұлға десек, Әуезов сомдаған қазақ болмысын адамзат өркениетінен лайықты орын иемденуге тиісті тұтас бір әлемнің тұңғиық шежіресі деп бағалауымыз керек.

Ұлы шығарма – қашанда өзінің мәңгі көкейкестілігімен ұлы. «Абай жолы» романындағы өжет рух пен алғыр ойды, дарын мен күш-жігерді ел бірлігіне емес, өзімшілдікке, ұлттық намысқа емес, жікшіл есептерге тәрк етіп жүрген рухани сергелдеңдердің бүгінгі күнге еш қатысы жоқ десек, қателескен болар едік. Эпопеядағы әлеуметтік астары мол көріністер қазіргі заманның ең өткір мәселелерімен тереңнен ұштасып жатыр.

Әуезов Абайды тану арқылы өз халқының тыныс-тіршілігін терең білді, тарихи болмысы мен бүгінгі бітімін терең ұғынды. Әуезовті әлемдік биіктерге жетелеген де, бағыт сілтеген де – Ұлы Абай! «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» - дейді. Осындай ғаламат өнегені өз басынан кешірген сезімтал суреткердің Абай туралы төрт томдық ғажайып эпопея жазуы – тарихи заңдылық десек, шындықтан ауытқымаймыз.

Осы рухпен шабыттанған Мұхтар Әуезов шығармашылығы – ХХ ғасырдың әсемділігімен ғажайып, әсерлілігімен сиқырлы қайталанбас ұлы құбылысына айналды. Кезінде А.С.Пушкин поэзиясы славян тілді әдебиетке қалай әсер етсе, М.О.Әуезовтің шығармалары түркі тілдес әдебиеттерге дәл солай әсер етті деп айтуға толық негіз бар.

М.Әуезов жайында айтылар сөз көп. Әр дарынның табиғаты әр басқа. Мұхтар Әуезов табиғаты тіпті ерекше. Ол – 1917 жылы жазған «Адамдық негізі - әйел» деп аталатын публицистикалық мақаласының өзінде елдік, мемлекеттік ойлар айтыпты. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе!» деген М.Әуезов сөзін қазақтың әрбір шаңырағы өз маңдайшасына ойып жазып қойса, жарасарлықтай.

Мұхтар қазақ мәдениетінде жаңалықтар тууына асыға талпынды, бұл жолдан күш-қабілетін де аямады. Сол үшін де ол тұңғыш қазақ драмасының «Еңлік – Кебек», тұңғыш опера либреттосының «Айман – Шолпан», бірінші қазақ эпопеясының «Абай жолы» авторы, ұлы ақын творчествосының тұңғыш зерттеушісі болған еді. Оның қазақ даласына, таудағы жайлау өміріне қаншалықты құштарлықпен, нәзік сезіммен ынтық болғаны бәрімізге де аян.

«Абай жолы» эпопеясы – қазақ әдебиет қайраткерлерін алға шақыратын, болашағына бағыт сілтейтін жарық жұлдыз! Сөздің сиқырын меңгерем деген, көркем шығарманың қасиетін қолмен ұстағандай терең ұғынғысы келген, шеберлік шыңдаймын деген дарынды жас қауым үшін ғажайып әдеби үлгі, әдеби мектеп. Ол жазған «Абай жолы» - түнектен жарыққа ұмтылудың, ой кіріптарлығынан ой бостандығына талпынудың, идеялық басыбайлықтан жалпыадамзаттық сананың даңғыл арнасына жалғасудың жолы еді. Ол жолда оған әр буынның талантты өкілдерінің жаңа лектері ілесе білді. Сөйтіп ұлттық көркемдік санамыз Әуезовтің арқасында әлемдік деңгейге көтеріле алды. Біз жас Тәуелсіздігіміздің тарих сынынан түгел өтіп болмаған қазіргідей тұсында жуық тарихымыздың жаңағыдай тақсіретін, оны ескеруде Әуезовтің әлгіндей тағылымын әрдайым есте ұстауымыз керек.

Абай қазақ халқының рухани шыңдалуын мұрат тұтса, ұлы Әуезов сол үлгілі құндылықтарды адамзат мәдениетінің асқаралы шыңдарымен жалғастырған алтын көпір болып тарихта мәңгі қалды. Олай болса, Әуезовті тану – ұлтты тану деген ұлы ұғыммен ұштасады. Ал ұлтты тану – ұлттық дамудың негізгі шарты.

Ұлы тұлғаны уақыт аласарта алмайды. Жаңа мерейтойында бұрынғыдан да биіктей түскен Әуезов бейнесі осыған куә. Келер ғасырда да кемелдене беретін кемеңгер М.Әуезов – тек сіз бен бізді ғана емес, әлі дүниеге келмеген жаңа ұрпақтардың да сарқылмас игілігі, өлшеусіз бақыты. Өйткені, М.Әуезов құдіреті оның елге деген шексіз махаббаты мен сенімінде жатыр. Осы бір ақиқатты сезіну мына біздерге, бүгінгі тәуелсіз мемлекеттің іргесін нығайтып жатқан ұрпаққа қажымас қайрат, жасымас жігер қосады.

Бұл – ұлы Әуезов қашанда бізбен бірге деген сөз. Ұлы қаламгердің рухына көрсетер ең биік құрметіміз – елдігімізді нығайту жолындағы ерен еңбегіміз бен жігерлі күресіміз болмақшы.

Content-Disposition: form-data; name="sort" 50
Категория: Внеклассное чтение | Добавил: teacher-almaty (25.03.2008)
Просмотров: 11578 | Комментарии: 3 | Рейтинг: 4.7/23
Всего комментариев: 3
3 Жұлдыз   (15.04.2010 17:26)
Мағанда ұнады коп коп рахмет

2 Aidana   (12.04.2010 19:08)
вроде нормально, мне тоже так себе понравилось

1 Айдана Каюпова   (15.02.2009 23:47)
Өте жақсы маған өте өте ұнады.

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Вход на сайт
Поиск
Друзья сайта

Академия сказочных наук

  • Театр.kz


  • Copyright "Школа" Интернет-портал "Детство-kz"© 2016
    Сайт управляется системой uCoz