Главная | Регистрация | Вход | RSSЧетверг, 08.12.2016, 23:20

Учителя Алматы

Меню сайта
Категории раздела
Панорама [9]
Образование: модели и методы [60]
Управление [1]
Событие [18]
Воспитание и социализация [40]
Ступеньки к школе [11]
Профессиональное обучение [31]
Коррекционная педагогика [17]
Дополнительное образование [101]
Психологическая служба [47]
Родительское собрание [12]
Автограф на память [13]
Семиречье - взгляд сквозь годы [10]
Хочу поделиться [80]
Хроника [0]
Воспитание о образование в разных странах [2]
Наш опрос
Считаете ли вы результаты ЕНТ справедливыми?
Всего ответов: 1522
Статистика

Онлайн всего: 6
Гостей: 6
Пользователей: 0

Каталог статей

Главная » Статьи » Рубрики журнала » Хочу поделиться

Қосалқы есімдердің түрлері
Қосалқы есімдердің түрлері
Кісі есімідері негізінен мағынасы айқын да анық, айтылуға жеңіл болып келеді. Ана тілі сөз байлығынан алынған есімдер әдетте тұақты болады да көп өзгеріске түспейді, дыбыстық құрамы өзгермейді. Ал шет тілдерден, әсіресе араб, парсы, монғол тілдерінен енген есімдер құбылмалы, дыбыстық өзгеріске ұшырап, бірнеше есім тудырып, есім берілген адамды жәнеде көбіне оқу – ағарту ісі мен заң қызметкерлерін шатастырып, әуре – сарсаңға салып, көптеген қиындықтар туғызады.
Біздің тілімізде орыс, араб, парсы тілдерінен енген көптеген есімдер бар. Мәселен: орыс тіліндегі Максим бізде Мақсым, Александар – Ескендір, Мария – Мариям, Егор – Жагор. Әлбетте тіліміздегі бұл есімдер орыс тілінен енген есімдердің варианты болғанмен, бізде жеке, дербес есімдер. Мәселен, Мұхаметтен біздің тіліміздегі Махамбет, Мұқамет, Мәмбет; Фатимадан - Патима, Бәтима; Хасаннан – Хасан, Асан, Әсен, Хұсайын, Құсайын, Құсан, Құсен, Үсен, Үсейін, Хұсейін; Хайдар – Айдар, Қайдар; Азиз – Ғазиз, Әзіз, Қазыз; Омар – Ғұмар, Құмар;
Сондай – ақ, бір дыбыстың өзгеруінің салдарынан пайда болған бірнеше нұсқалы есімдер бар. Бұларды есімнің түрлі тұлғада айтылған вариантары деп тану керек. Мысалы; Сәбира – Сабира, Әбілхайыр – Әбілқайыр, Гауһар – Гаухар, Ислам – Слам, Хадиша – Қадиша, Исқақ – Ысқақ, Сқақ.
Тілімізде биресми вариантты, яғни қосалқы есімдер де бар. Бұл тектес есімдер туған – туыс, жора – жолдас, отбасы арасында ғана айтылғаны болмаса, дербес жеке есімдер қатарына жатпайды.
Мұсылман діні негізінде құраннан қойылған аттармен қатар әр адамның таза ана тілінде қойылған есімдер болды. Оның негізгі себебі біріншіден, діни есімдер халыққа жат болса, екіншіден тұрмыста айтылымда да қиын болып отырған.

Қазақ тіліндегі қосалқы аттар үш түрлі жолмен жасалады:
1. Ислам дініне сәйкес құраннан кітаптардан қойылған ат және үй ішінде, туған – туыс арасында аталатын есім. Мысалы: Мұхамбетрахым – Мұқамбат, Шахбатдун – Шақабай.
2. Ислам діні бойынша Құран кітаптан қойылған есімдерді қазақылап, қысқарта айту. Мысалы, Ибраһим орнына Абай, Мұхаметқанапиов орнына Шоқан, Сәдуақас орнына Сәкен, Гүлбаһрам орына Күлпаш.
3. Қосалқы есімдердің үшінші тобына адамдардың төл құжаттағы есімдерінен басқа тұрмыста қолданатын екінші қосалқы есімінің айтылуы жатады. Мәселен, төлқұжатта Разия- тұрмыста Роза; Әлібек – Алик; Жарқын – Жора; Гүлжан – Гуля және т.б.
Бұл әдіс қазіргі өмірде аса жиі кездесетін өнімді тәсіл. Алайда, заңды, ресми есімдер – төлқұжатағы есімдер болып табылады.
Лақап есімдер.
Адамның толық аты – жөнінің бірі – әке немесе шеше атымен атау қазақ тұрмысында, оның тарихында ежелден бар жәйт. Бұл құбылыс халақ ауыз әдебиетінде, сөйлеу тілінде, жазушылардың шығармаларында да кездеседі. Мысалы: «Құлымқанның ауылынан «қара қасқа сорлылардың» қатарына қосылатын Балғабайдың сумұрын Нұртазасы мен жыланнкөз Ыбырайдың Ахметі жүр. Балбатай ауылынан «қарақасқа сорлылырдың» қатарына қосылатын Өстемірдің Ғабдеші, Срыхан қатынның Ұзын Әшкері, Тапалтақ Әбділман, Омардың таз Сұлтанқайы жүр; Крестада өмір бойы Сақталғанынын сауыншысы болған Қойшығалидың Арықбаласы, Төлебайдың Айқаракөз Уәлиі жүр. Қараталдан – Көшекбайдың шұбар Өтегені, Құсайынның бұжыр Ережебі,суылдақ Құдиярдың балалары және ұзынмұрттың Құрманның інісі Мәжен». Жазушы бұл жерде кейіпкерлерінің жүріс – тұрысын, мінез – құлқын, болмысын сын көзбен қарай отырып суреттеген. «Аты Мұстафа болғанмен жұрт оны Сақау деп кеткен. Көкериді мен жақсы білемін. Оны шын аты – Аманжол. Бала кезінде жылауық болғандықтан жеңгелері оны тауықтың дамылсыз шақыратын әтешіне ұқсатып «Көкерей – көк» қойға да, содан « Көкерей» атанып кеткен. Қасқұлақтың шын аты – Айтжан. Құлақтары қасықтай, қалқиған үлкен болғандықтан, бала кезінде жеңгелері «Қасық құлақ» қойған да, содан «Қасық құлақ» атанып кеткен».Бұл сияқты көркем әдебиетінде қолданылатын кісі есімдері М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Т.Ахметов және т.б. жазушылардың шығармаларында көптеп кездеседі. Мұндай кісі есімдері дара күйінде, кісі аттарымен де тіркесіп келеді. Мәселен, Қасқабас, Сабалақ, Көккөз, Заманбек, Жыланқы Айбас, Әңгүлдік Хасен, Жалаңтөс.Телқожа Жанұзақов тіліміздегі лақап аттарды, лексикалық мағынасына қарай мынадай топтарға бөліп қарайды:
а) адамның бет – әлпет түріне, көзі, шашына байланысты:Қаракөз Айша, Шұбар Малыбай, Шегір Асаубай т.б.
б) адамның жүрісі, тұлғасы, мүсініне байланысты: Жорға Жұмабай, Түйе булан, Қисық Әлтай, Шойынқұлақ т.б
в) адамның дене мүшесінің кемдігіне байланысты: Шолақ Шаймерден, Таз Сұлтан, Пысылдақ Омар, Кекеш Ораз т.б.
г) мінез – құлық, бейімділік әрекетке, ерекшелік қасиеттерге байланысты: Найзағай Асан, Қиясбай,Қисық, Дарабоз т.б.
ғ) негізгі кәсібі, қызмет бабына байланысты: Етікші Ахмет, Саятшы Ораз, Ұста Сұлтанбек, Мұғалім Оспан т.б.
д) әлуметтік яки қоғамдық жағдайға байланысты: Аяз би, Алғазы Сұлтан, Сағыр батыр, мырза Боранбай т.б.Міне, жоғарғы дәлелді мысалдардан кейін тіл – ұлттың тірегі, ұлттық мәдиниеттің негізгі деген тұжырымға келуге болады.
Қазақ жазушыларының шығармаларындағы табу және эвфемизмдер.
Қазақ этносы мәдени кеңістігіндегі әйелдер тілінде ер кісілердің жалқы есімдерін атаудан көрінетін табу және эфемизм құбылыстары ерекше орын алады. Қазақ ер кісілері антропонимдерін табуландыру және эвфемизмдендірудің жарқын үлесінен бір – екі мысал келтірейік:
«Бір келіншектің алты қайын ағасы болыпты дейді. Олардың азан шақырып қойған аты Өзенбай, Қамысбай, Қасқырбай, Қошқарбай, Қайрақбай, Лөктебай болса керек. Келіншек бір күні өзенге суға барса, қамыс арасында қойды қасқыр тарпа бас салып жейіндеп жатқанын көріп, қойды қасқырдан арашалап алады. Сонан соң үйге жүгіріп келіп, хабарды былай беріпті: «Сарқыраманың арғы жағында, сылдыраманың бергі жағында маңыраманы ұлыма жейін деп жатыр екен, ұлыманы үркітіп жібердім де, маңырама арам өліп қалмас үшін тезірек қынаманы жанамаға жанап – жанап алып жетіңіздер».
Әр мәдениеттің өзіне сай, заттарға, іс – әрекеттерге немесе сөздерді айтуға салынатын тыйым түрлері бар. Осы тұрғыда қазақ мәдениетіндегі кездесетін ата – ене, қайын аға, қайын, қайын сіңілердің атын атамау қазақ халқының төтемдік көзқарасынан сыр тартады. Қазақ мәдениетіндегі тыйым салу жөн – жоралғылары туралы Ш.Уәлихановтың шығармаларынан көп мағлұмат алуға болды.
Телқожа Жанұзақов ауылындағы жасы үлкен адамдардың атын тура атамай, бұрмалап атау, жалпы есім сөздерімен алмастырып айту кеңінен етек алғандығын айта келе, төмендегідей мысалдармен дәлелдейді: «Жоламан деген атасының атын атай алмай, оның келіні «Соқпақ атты» деген. Мысалы Сүттібайды-«Уыз»,Бұқабайды-«Сүзербай»,Мергенбай-«Атқышшыл», Қарабек-«Боран» деп бұрмалап атаған. Батырлық қиял – ғажап ертегілерді батыр бейнесі туралы Е.М.Мелетейнский былай деп жазды: «батырлық ертегі жеке тұлғаның рулық ұжымынан бөліну процесін және оның өзіндік санасынан өсуін айқын көрсетеді. Табиғат күшіне тәуелді бір ғана адамнан көрнекті ғажап тұлға, ерекше күш пен қуатқа ие ертегілік батырдың ойлы мақсаты, асқақ армандары идеалданған образдары туындайды.
Батырлық эпостық жырларда батыр шынайы адамдарға, кейде тарихи тұлғаларға жақын жаңа қасиеттерді иеленеді. Атап өтетін бір жағдай қазақ фольклорындағы кейбір ертегілер мен эпикалық жырларда, батырлық эпостарында антропонимдердің алдына «Ер» компонентті есімдер кездесіп отырады: Ер Қосай, Ер Қодар, Ер Тарғын, Ер Бөкше, Ер төстік, Ақжонасұлы Ер Кеңес, Ер Сайын т.б. Мәселен қазақ батырлық эпос Алпамыс батырда Алпамыстың қарсыласы қалмақ батыры Таймас болды, оны ер деп атап оған келесі түрде сипаттама береді:
Аты ердің Таймас еді
Қолындағы күрзісі,
Отыз батпан алмас еді.
Қаһарланып сілкісе,
Тау болса да қалмас еді.
Бірге жасын жасасқан,
Тайшық ханмен жолдас еді.
Неше майдан соғыста,
Аш қасқырдай тоймас еді.
Қазақ батырлық эпосы Қобыланды Батырда былай дейді:
«Қысылған жерде ержігіт,
Бір тәңірге жылай ма?
Қырық күншілік қазанға
Бір мезгілде жет дейсің
Ұшқан құсқа оңай ма ?
Қиын болса ,Қобылан ер
Қиналармын , қайтейін,
Уағдаңыз солай ма ?
Ер сөзі жау жүрек батыр қаһарман эпитеті қызметін ертегілердің басты кейіпкері ұл бола бастады. Оған көбінесе Кенже, Кенжетай сияқты есімдер берілді.
Тілек есімдердің түрлері.
Тілек есімдердің қоғамдық маңыздылығы тарихи кезеңдер бойында жоғары дәрежеде қалуда,бірақ мұндағы тілек есімдердің негізінде жатқан кейбір стереотиптері ауысуы,өзгеруі мүмкін.Мәселен, төңкеріске дейінгі қазақтар өмірінде байлық ұғымы мал санымен,жылқы үйірімен өлшенеді, сондықтан жылқы, қой, түйе, т.б лексикалық компоненттермен келетін қазіргі антропонимдер сан жағынан өте аз.
Мәселен, қазақ антропонимиясында басқаша айту (иносказание) тіліндегі мотивтер тарихи және жақын уақыт аралығында болып өткен дәуірде антропонимиялық процестерде белгілі бір тақырыптық топтардың болуымен және іске асырылуымен сипатталады, оған мыналар жатады:
а)жануарлар мен құс атауларына байланысты зооформалық антропонимдер:Ақмарал, Аққозы, Арыстанбек, Ақтоты, Бүркіт, Қошқарбай...
ә)өсімдік атауларына байланысты антропонимдер: Бидайбек, Раушан, Бозай, Алма, Шынар,Ажар,Талшын...
б) асыл тастар,металдар атауына байланысты антропонимдер: Гауһар, Күміс, Меруерт, Алтын, Алмас, Темірбек, Болатбек, Маржан, Ақық...
Қазақ қоғамындағы қазіргі антропонимиялық процестер зоофорлық және фауналық тілек-есімдер негізіндегі атаулардың бәсеңдеп ,жаңа туған нәрестелерді батырлар есімімен атау дәстүрінің өнімді қалыпқа көшуімен сипатталады.
1) бұрынғы өткен дәуірлердегі көрнекті тарихи тұлғалардың, эпикалық батырлардың,атақты ата-бабаларының есімдері: Махамбет, Наурызбай, Бөгенбай, Абылай, Алпамыс, Қобыланды т.б
2)сүйікті шығармалар мен атақты жазушылардың құрметіне берілген есімдер:Айман, Шолпан, Әйгерім, Ұлпан, Қаламқас, Абай, Сәкен, Мұхтар, Ыбырай, Жамбыл, Сәбит, Ғабит т.б.
3)қазіргі таңдағы кең танымал адамдардың есімдері:оның ішінде саяси қайраткерлер,ғалымдар т.б енеді. Мұнда қазақ антропонимиясының ерекше бір жедел түрде дамығандығын атап өту керек,кез келген ірі оқиға қандай да бір есімнің көп таралуына себепкер болады.
Әлеуметтік, тарихи маңызы бар есімдер көрікті,әсем есімдер болып табылады. Есімдерің жоғары әлеуметтілігі,ең бастысы антропонимиялық жүйелерде байқалады. Көрікті, әсем есімдерге деген әлеуметтік өтімділік көбіне ұлттық батырлар, қоғам қайраткерлері, атақты жазушылар мен өнер шеберлерінің есімдеріне байланысты қойылады. Қазіргі антропонимиялық процесстер белгілі өнімділігімен сипатталады. Мәселен, «көрікті», «әсем»есімдер қатарына Димаш, Дінмұхаммет (Дінмұхаммет Қонаевқа байланысты), Шыңғыс (Шыңғыс Айтматовқа байланысты), Абылай, Абылайхан (ханАбылайға байланысты), Нұрсұлтан (Нұрсұлтан Назарбаевқа байланысты)т.б жатады.
Мәселен профессор Телжан Жанұзақов қазақтардың тілек есімдеріне жасаған лексика-семантикалық жіктемесінде бұл есімдер ата-анасының өз сәбиіне ұзақ өмір, бақыт, байлық, батырлық, ержүректілік, сұлулық тағы басқа толып жатқан жақсы қасиеттер тілеу ниетінен құрылған:
1)Бақытты,бай бол ниеті Бақыт, Ораз, Ырысты. Бақыттың өлшемі ретінде байлық есептелінген, осыған байланысты сәбиге үй жануарларын байланыстырып беріліп отырды.
а)жылқыға байланысты: Жылқыбай, Жылқышы, Құлыншақ.
ә)түйеге байланысты-Түйебай, Нартай, Бурабай, Тайлақ, Бота т.б.
б)қойға байланысты-Қойлыбай, Қозыбай, Қошқарбай т.б.
2)Күшті мықты қайратты ержүрек болу үшін Батыр, Қаһарман, Арыстан, Алпамыс, Палуан;
3)сұлу нәзік болу үшін-Айсұлу,Сұлу, Жамал, Шолпан, Нұрсұлу,
4) ұзақ өмір сүру үшін-Өмірзақ, Көпжасар, Мыңжасар;
5) сыпайы мәдениетті, мейірімді болу үшін-Мырзабек, Жібек, Жомарт, Мәдениет, Атымтай, Қайырлы;
6)ақылды есті болу үшін-Ақылбай, Ақылжан, Ақылбек, Ақлима, Дана, Еспай т.б.
«Өсімдік» концептісінің тағы бір тілдік «ономастикалық» көрінісі-ол кісі аттары,қазақ антропонимиясында өсімдік атауларына байланысты, фитоанропонимдер есімдер кездеседі: Ақселеу, Анаргүл, Жапақ, Жауқазын, Жекен, Жидебай, Жұпаркүл, Қалампұр,Қарақат, Қоғабай, Құрақ, Құралайгүл, Қызылгүл, Лалагүл, Ләйлі, Меруертгүл, Райхан, Сарымсақ, Пістегүл,Тарғақ, Шамшат, Шанақ, Шынар, Роза, Раушан т.б. осы тізімдегі антропонимдердің басым көпшілігі қыз аттары болып келеді. Соған қарағанда гүл аттарынан қойылған қыз есімдері-эстетикалық таным мен талғамның тілдік нәтижесі.
Қазақ халқының танымдығы мифонимиялық (жалпы алғанда мифтік,мифологиялық)ғалам бейнесі көне түркі ал арырақ алсақ,түркі заманынан бастау алған белгілі.
Күлтегін ескерткішіндегі сөйлемнен байқағанымыз:Ғаламның үсті көк(аспан)Тәңір(құдай) келбетіндегі,ортасында адам баласы,ал асты (астыңғы қабаты) ол баран(қара)жер.
Мифтік танымның аясында пайда болып өрбіген жоғарыда келтірілген нанымның нышандары қазақ эпосында да өз көрінісін береді.Мысалы,Қыз Жібек жырында Төлеген алыс сапарға аттанарда анасы «Қамбардың» пірлеріне былайша жалбарынады:
Көл иесі Қамбар-ау
Жол иесі Қамбар-ау
Қарағыма көз сал-ау
Рақым қылса құдая
Сенен басқа кім бар-ау.
Қазақ дүниетанымының әсемдік талғамын суреттейтін әсіресе қыз,әйел есімдері: Ажар,Ай-әсем, Айнұр, Айкүн, Ақкүміс, Айжұлдыз, Айғаным, Ақжүніс, Ақжұпар, Ақтоты, Алтынгүл, Бақтыгүл, Алмагүл, Әйгерім, Бақшагүл,Бұлбұл, Гауһар, Жамал, Жазира, Жансая, Жауһар, Жұпар, Жансүгүл, Қарагөз, Қорлан, Құндыз, Қызғалдақ, Қызылкүл, Май (гүл, нұр, ра, сара) Марал, Маржан, Еңлік, Дәрігүл, Еркегүл, Күлбағира, Керімбала, Кәмшат т.б.
Мағыналық тұрғыдан даму барысында эстетикалық талғамның өсуіне байланысты,кісі аттарының әр дәуірдегі жаңаша санаттарға ие болуының қырлары алуан түрлі.
Ырымға байланысты ат қою
Қазақтың салты бойынша, жас нәресте туған кезде ата-анасы ең сыйлы, қатты құрмет тұтатын адамына өз сәбиінің есімін қойғызады. Кейде олар келісе отырып, бала есімін өздері таңдайды. Егерде әке-шешесі, ата-әжесі тірі болса, өз немере, шөберелерінің есімдерін солар қояды. Мұндайда үлкен кісілердің айтқаны – заң. Олар айтқан есімді ата-анасының азан шақыртып, сәбиіне қоюы – бұлжытпай орындалатын міндет. Тек есте болатын бір жағдай, сәбиге ат қойғанда айтылуы қиын, қатаң дыбысты, жақсы да жаман мағына беретін, немесе айқайлап тұрған есімдерді қоймаған жөн.
Біздің дана халқымызда «Балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған байланысты болады», - деген наным-сенім бар. Адам есімі келешек тағдырына қаншалықты ықпал етеді? Аттас адамдардың көбісінің мінез-қылығы неліктен бір-біріне ұқсас? Бұл ХХ ғасырдың басынан бері ғалымдардың зерттеу жүргізіп келе жатқан жұмыстарының бірі.Соның нәтижесінде кейін адам есімдерін зерттейтін антропонимика ғылымы пайда болды. Осы адам есімдерін зерттеуші ғалымдардың дәлелдеуінше, есім бала өміріне айтарлықтай әсер етеді, сәбилерді неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, баланың тұла бойы соған сәйкес көркемделе түседі.
Ырымдап ат қою – қазақтың қанына сіңген дәстүрі. Соның ішінде бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою – бұрындары жақсы ырым саналған. Және де ата-бабаларымыз жаңа туған нәрестеге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген ниетпен баласына әдейі түпкі мағынасы сиықысыз есімдерді де қойған. Мұндай дәстүр қазақтарда ғана емес, орыстарда да бар. Орыс халқында: Клавдия (ақсақ), Ардалион (лас), қазақ халқында: Жаман, Қиқым, Шоқпыт, Сасық секілді есімдер сондай ырыммен қойылған. Жалпы, Шоқан Уәлиханов ырымды әдет-ғұрыпқа жатқызса, Сейіт Кенжеахметұлы «Ырым – халықтың жақсы ниетінен туған ғұрып, халықтың сенімі мен ақ ниетінен, шын көңілінен туған ұлттық ерекшеліктің бір саласы»,- дейді. Олай болса, ырымдап ат қоюдың айыбы жоқ. Қайта ол – жақсы дәстүр. Бұрындары балаға есімді бесікке бөлер алдында қойған. Қазақтың салт-дәстүрін зерттеушілердің бірі Ю.Бошняков бұл туралы былай деп жазады: «Баланы бесікке бөлерде күн ілгері ауыл-аймаққа хабар беріліп, әркім қал-қадірінше той жасайды. Тойға жиналғандар балаға қатысты екі шараны жүзеге асыратын болған. Бірінші кезекте балаға ағайын-туысының ұйғарымымен өздері іштей құптап жүрген есімді қою. Мұны сол ауылдың ең беделді азаматы сәбиді қолына алып азан шақырып, үш рет бала есімін құлағына қайталайды. Ал, ақсүйек әулеттердің баласына есімді молда құран оқып, кітапқа қарап қояды. Мұнда көптеген ырым-жорамал бар. Маңдайы нұрлы болып туған бала тіл-көзден аман жүруі үшін оған Итаяқ, Күшік, Жаманбала, Сасықбай деп, әдейі жиіркенішті есім қоя салады. Баламның аты затына сай болсын деп небір жаһангер қолбасшы, дінбасы, пайғамбар есімдерін де беретіндер болған. Бірақ, олардың есімін әке-шешесі ержеткенше жасырын атап жүреді. Себебі, бала ол есімді көтере алмай, өліп қа-луы ықтимал деп жорыған» (Ю.Бошняков, Денсаулық, 1991, № 11, 25 бет). Иә, баласының атын ырымдап қою – ата-анасының ниетін білдіреді. Қазір де көп адам баласына ғұлама болсын деп – Марғұлан, Қаныш, ақын болсын деп – Абай, батыр болсын деп – Едіге, Жәнібек, Алпамыс, ақылгөй ана болсын деп – Зере, Айғаным деп ырымдап ат қойып жатады. Кейінгі кезде елімізде Нұрсұлтан есімді балалар да көбейе бастады. Бір ғажабы, кейбір елдерде «тағдыр» деген сөз ат қою деген мағынаны білдіреді екен. Бұл сөздің жаны бар. Өйткені, ертеректе адамдар атын өзгертуді өз өмірін басқа арнаға бұру деп қабылдаған. Өмірінде күрт өзгеріс болған, мысалы, күйеуге шыққан қыздардың тегін өзгертуі де осындай түсініктен шыққан дейтіндер де бар. Бәрі мүмкін. Ал, Латын Америкасында бір адамға қосарланған аттың сыртында бірнеше есімді, яғ- ни, 8-9 атты бірақ қою дәстүрі қалыптасқан. Оны Бразилия мен Мексиканың телевизиялық сериалдарынан айқын аңғаруға болады. Бұл теледидарлық хикаяттарда Луис – Карлос – Фернанда – Аугусто – Мария – Хосе - Игнасио деген шұбалаңқы есім айтылмайды ма? Бұл жақта өзіне осындай шұбалаңқы есім қойылған бала өсе ке-ле солардың ішінен бір атты таңдап алып, туған-туыс, жолдас-достарына сол есіммен өзін атауды өтінетін көрінеді. Есімдерді ырымдап қою бірнеше топқа бөлінеді. Олар негізінен, мынандай: атақты, белгілі, ғұлама, жақсы адамдарға тартсын деп олардың есімін қою, бала тілеп, тілеуі қабыл болғанда шүкіршілік айтып, соған лайықты атау (Ондай есімдер: Тілеуқабыл, Аллаберген, Құдайберген, Тілеуберген, Тәңірберген). Шаңырақта сәби шетіней бергенде сәби тұрсын деп, жағымсыз аттарды қою. Ат ұстар ер бала тумай, қыз өмірге ке-ле бергенінде қыздың есіміне «ұл» сөзін тіркес етіп, сәбиді, Ұлтуған, Ұлмекен, Ұлбосын, Ұлтуар, Ұлжан тә-різді есімдермен атап, ұл күту. Егерде баланың бойында меңі, қалы бар болса, қазақтар ұл-қызын соған сәйкес Қалдыбай, Меңді-гүл, Меңсұлу деген тәрізді есімдермен де атаған. Тіпті, қазақ халқында ырымға да қатысты мынандай есімдер бар: Ырымкүл, Ырымбала, Ырымтай, Ырымжан. Баласы қайтыс болғаннан кейін шаңырақта тағы да бір сәби дүниеге келсе, біздің ата-бабаларымыз оны өлген ұл-қызының орнына келген санап, сол баланың өтеуі деп, ұлдарын Төлеген, Төлеу, Төлеубек, Төлеуқадыр деп атауды ырымға айналдырған.
Республикалық «Жас Алаш» газетінде жарияланған бір мақалаға арқа сүйесек, 24 жылда 20 баланы дүниеге әкелген Қамаш апай қыз бала тоқтап, орнына ұл келсін деген ырыммен 8 қызының есімін Тоқтар деп атапты. Көрдіңіз бе, біздің қазақ халқының сәбиіне ат қоярда ырымға қалай сенетіні, ырымды қалай сақтайтыны. Тіпті, Шыңғыс атамыздың өзі Шоқан өмірге келгенінде ол Сегізсерідей әрі ақын, әрі батыр болсын деп оның есімін Мұхаммед – Қанапия қойған көрінеді.
Ерекше есімдер

ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің мәліметі бойынша 2010 жылдың қаңтары мен тамызы аралығында Қазақстанда туған нәрестелер арасында ең көп таралған есімдер – Ера¬сыл мен Аружан. Сонымен қатар тізімдегі алғашқы 20 есімдердің қатаpында – Диас, Мирас, Ислам сынды ұлдарымыздың аттары топ жарып тұр. Ал ең көп тараған қыздардың тізімін – Каусар, Аяулым, Амина, Айзере, Айша атаулылары құрайды. Осыған орай, ең көп тараған есімді балалардың ата-аналарының және аттас азаматтардың осы тұрғыдағы пікірін біліп, сауалнама жүргізіп, есімдеpдің мән-мағынасына ерекше тоқталып өткендердің жауабын журналымызда жария етіп отырмыз.
Керек дерек
Статистикалық мәліметтер бойынша, 2014 жылдың қаңтар-тамыз айларында республикада 244 292 бала дүниеге келген екен.
Ұл нәрестелердің арасында ең көп тараған есімдер:
Ерасыл – 1255 бала, Диас – 880, Нұрасыл – 837, Әлихан – 771,
Мирас – 737, Максим – 674, Бейбарыс – 647, Ар¬тем – 638,
Санжар – 626, Нұрислам – 624, Азамат – 608, Никита – 589, Кирилл – 569, Ислам – 560, Александр – 550, Нұрдәулет – 505, Дамир – 493, Руслан – 461, Даниил – 457, Әмір – 443, Арсен – 434, Дмитрий – 432, Әділет – 428, Бекзат – 421, Ернұр – 419, Алдияр – 415, Роман – 407, Илья – 399, Бекарыс – 391, Тимур – 388.
Қыздар арасында ең көп тараған есімдер: Аружан – 1709, Кәусар – 1098, Аяулым – 1087, Диана – 905, Алина – 816, Әмина – 805, Мәдина – 762, Нұрай – 759, Айша – 721, Дарья – 689, Айзере – 667, Анастасия – 666, Сабина – 656, Жан¬сая – 607, Жанерке – 607, Назерке – 583, София және Іңкәр – 573, Аяжан – 567, Айым – 563, Виктория – 561, Арайлым – 546, Мерей – 531, Анель – 503, Айдана – 495, Дильназ – 492, Милана – 474, Ақерке – 431, Екатерина – 426, Малика – 418.
Енді осы есімдеpге байланысты төмендегі пікіpлеpге назаp аудаpсақ:
«Айзере» Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыздың әжесінің аты – Зере болған, яғни «зерек» «алғыр», «ақылды» деген мағынаны береді. Халқымызға белгілі Зере әжеміздің атына ұйқастырып, алдына «ай» түбірін қосып, қазіргі заманға сай етіп атауды ұйғардық. Соңғы кездері жастарымыздың көбісі батысқа еліктеп бала¬ларына мәнсіз-мағынасыз ат қояды. Бұл дұрыс емес. Алайда, көпке топырақ шашуға болмайды. Арамызда қазақтың әдемі аттарын жаңғыртып жүргендер бар екен, қуаныштымын. Статистика агенттігінің мәліметі бойын¬ша, 2010 жылы туылған нәрестелердің ішінде «Айзере» есімділердің саны 667-ге жетіпті, бұл қуантарлық жайт. Бұл нені көрсетеді? Ең біріншіден, халқымыздың ділінежақын жастардың бар екенін дәлелдейді. Екіншіден, оларға дұрыс кеңес беретін алдыңғы толқынның қазақи дәстүрді сыйлайтындығын көрсетеді. Менің ойымша, қазаққа сіңісті әдемі есімдерді, оның ішінде қазақтан шыққан батыр қыздарымыздың есімдерін жаңғырту керек. Себебі, «Гауһар», «Мәншүк», «Әлия» сынды қазақтың батыр қыздарының есімі сирек бара жатқанға ұқсайды.....
Біздің пікіpімізше, қазіpгі кезде Мұхаммед пайғамбаpымыздың (с.ғ.с.) сахабалаpына, сонымен қатаp діндаp саналатын әйелдеpіне лайықты көңіл аудаpылмайды. Мұхаммед пайғамбаpымыз (с.ғ.с). хадисінде: «Менің сахабалаpым аспандағы жұлдызға ұқсайды, қайсысының жолымен жүpсеңдеp де туpа жолда боласыңдаp», – деген. Сондықтан біз балалаpымыздың есімін сахабалаpдың, қыздаpымыздың есімдеpін оның әйелдеpінің есімдеpімен атауды құп көpдік. Айша (p.а.) өзінің ақылымен және теpең білімімен еpекшеленеді. Ол мұсылман әлемінде әйелдеp аpасында исламды біpінші болып үйpенгендеpдің біpі саналады, өйткені ол бізге көптеген хадистеpді жеткізді, сонымен қатаp әpкез Пайғамбаpымызға көмектесіп, қолдап отыpған. Статистика бойынша Айша есімінің таpалуына келсек, бұл біздің пікіpімізше, біpіншіден, қазақтаp аpасында мұсылмандаpдың көбеюі, екіншіден, мұсылмандаp, әсіpесе жастаp аpасында білімділіктің өсуі болып та-былады, жалпы алғанда ислам қазіpгі мұсылмандаpдың өміpінің баpлық саласына еніп келеді, біpінші кезекте ол балалаpдан байқалады.
Әмина деген есім беpуді ол дүниеге кел¬мес бұpын ойластыpып қойған едік.Қызымызға есім таңдағанда, алдымен туыстаp мен жақындаpымыздың пікіpлеpін тыңдауды жөн көpдік. Бұл есімді әжесі ұсынды. Есімнің өзі де, аpаб тілінен аудаpғанда «адал», «сенімді», «қауіпсіз» дегенді білдіpетін мағынасы да бізге ұнады. Баpлық ата-аналаp cекілді біз де балалаpымызды жамандықтан қоpғағымыз келеді, ал бұл есім Жаpатушының қамқоpлығын танытады. Енді бұл аттың неліктен Қазақстанда ең көп таpалған есімнің біpі екендігіне келсек, жауабы оңай: алдымен бұл жастаpымыздың көптеп дінге бет бұpа бастауына байла¬нысты. Әмина – Пайғамбаpымыздың (с.ғ.с) анасының есімі болған. Жалпы балалаpға есім беpгенде жақсы естілуіне емес, мағынасына мән беpу қажет.
Диас – испан есімі. Қазақша мағынасы «күн» дегенді білдіpеді. Испандықтар «буэнос диас» деп амандасады. Яғни «қайыpлы күн» деген сөз. Бұл есімнің 2010 жылдың статистикасы бойынша ең көп тараған есімдердің қатарында болғанына қуаныштымын. Адамның есімі оның тағдырына әсер етеді дегенге келісемін, сол себепті балаға есім беpгенде, яғни ат қойғанда ойланып қою керек деп ойлаймын.
«Дамиp» есімінің түpікше мағынасы:
1. «табанды».
2. «Аp, ұят».
3. Да¬лимир және Далемир есімдеpінің нұсқасы.
4. «Жаса¬сын бейбітшілік!» немесе «бейбіт төңкеpіс!» секілді ұpандаpдың қысқаpтылу жолымен құpылған жаңа есім.
5. Дамир есімі оңтүстік-түpіктік (оғыз) тіліне тән Тимер ~ Димер <теміp> есімдеpінің біp нұсқасы болуы мүмкін.
«Әмина» Бұл атау «аманодор», яғни «аманатқа сенімді» деген сөзден шыққан. Аманодор – мұсылмандардың жақсы сипаттарының бірі. Өкінішке орай, бүгінгі таңда ортамызда аманатқа адал адамдаp өте азайып барады. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) анасының есімі «Әмина» болған. Әмина анамыздың заты таза, сұлу, мінез-құлқы көpкем тұлға болғанын Ислам тарихынан білеміз. Пайғамбарымыз Меккеде аманатты орындаушы ретінде танымал болған. Көп адамдар аманаттарын Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) тапсырып қояды екен.
Аллаһ тағала бәрімізге, барша мұсылмандарға перзент сүюді және олардың қызығын көріп, қуанышқа бөленуді нәсіп етсін!
ЖАЗИРА - араб тілінен - ен дала, кең аймақ. Бала қайырымды, мінезі кең,көпшіл болсын деген тілекпен қойылған есім.

ЖАЙНА-гүлдей жайна, жайқал деген мәндегі есім.
ЖАМАЛ-араб тілінен—сұлулык, көркемділік, сүйкімділік.
ЖАМАЛИ-араб тілінен —сұлу, көркем, сүйікті.
ЖАМИҒА - араб тілінен — барлығын қосушы, біріктіруші, жинаушы, баршасы,барлығы.
ЖАНАН - тәжік тілінен алынған джонон — жан аямасдос, жан жолдас.
ЖАНАР — көздің жанары, сәулесі; күннің сәулесі, шапағы. Ауыспалы мағынасы, келбет, көрік, ажар, рең.
ЖАНАРГҮЛ – қазақ және иран тілдерінен алынған — гүлдей көрікті, әдемі, ажарлы.
ЖАНАТ - ең асыл, көркем, керемет, рахат.
ЖАНЕРКЕ - қараңыз: Еркежан.
ЖАНИПА - иран және тәжік тілдерінен алынған жан-джон - яғни жан біткеннің ибалысы, сыпайысы, көріктісі.
ЖАНИЯ - иран және тәжік тілдерінен алынған джон — жаным, жан сәулем.
ЖАННА - көне еврей тілінен келген— кептер, көгершін.
ЖАННАТ - араб тілінен — бақ, жұмақ бағы.
ЖАНСАЯ – иран және тәжік тілдерінен алынған джон — жанға сая, тірек болсын деген тілекпен қойылған.
ЖАНСҰЛУ - жан біткеннің сұлуы, әдемісі, көркемі деген мағыналы есім.
ЖӘЛИЛА - араб тілінен алынған жалил — ұлы, даңкты, атақты.
ЖӘМИЛА - араб тілінен алынған жамил — әдемі, тамаша, көркем, сұлу; сүйкімді, ажарлы.
ЖЕҢІСГҮЛ - (қараңыз: Гүлжеңіс).
ЖҰЛДЫЗАЙ - жұлдыз бен айдай жарқыраған сұлу болсын деген тілекпен қойылған.
ЖҰМАБИКЕ - араб тілінен — джумга — жұма, бике — хан кызы, яғни жұма күні туған ханиза. Түрі — Жұмагүл. Еркелетіп айту тұлғасы —Жүмаш.
ЖҮПАР-хош иіс.

ЖІБЕК - мінезі жібектей, әрі әдемі, сұлу болсын деген ниетпен қойылған.
АҒИЛА - араб тілінен алынған зәхирә, зехира — қазына, байлық, қымбат бағалы асыл; сырт пішін, келбет, түр, мүсін. Синонимі — Зағира.
ЗАҒИПА - араб тілінен алынған сахиб — дос, жолдас, серік , «а» - қыз, әйел есімдеріне жалғасатын қосымша.
ЗАҒИРА-(қараңыз:Зағила).
ЗАЙДА - иран тілінен алынған заиде, заид — өсуші, өркендеуші сөзіне «а» қосымшасының жалғануы арқылы жасалған есім.
ЗАЙРА - араб тілінен алынған — заиыр (Зайер) — айқын, ашық, күдіксіз сөзіне «а» қосымшасының жалғануы арқылы жасалған есім.
ЗАЙТУНА - бір түп зайтун жемісі, аса қымбатты, құрметті.
ЗАҚИРА - араб тілінен алынған закир — ескеруші есте сақтаушы сөзіне «а» қосымшасының жалғануы арқылы жасалған есім.
ЗАМИЛИЯ - араб тілінен алынған замил — замандас, істес, әріптес, жолдас сөзіне «я» қосымшасының жалғануы арқылы жасалған есім.
ЗАМИРА - араб тілінен - асыл арман, тәтті қиял, ой.
ЗАРА - иран тілінен алынған зар — алтын, сөзіне «а» қосымшасының жалғануы арқылы жасалған есім.
ЗАРЕМА – жаңа есім — За революцию мира сөздерінен қысқартылып жасалған есім.
ЗАРИНА – иран сөзінен зар — золото — зарина — алтындаған, алтыннан жасалған әшекей; алтын түстес, алтындай.
ЗӘКИЯ - араб тілінен алынған зәки — өткір, зерек, сөзімтал; ақылды, қабілетті сөзіне «а» қосымшасының жалғануы арқылы жасалған есім.
ЗӘМЗЕГҮЛ - араб тілінен алынған земзем — мол, көп, көл-көсір. Гүлді, гүлі мол деген мағынаны білдіреді.
ЗӘМЗАМИЯ - араб тілінен — су тасушы.
ЗӘРИПА - араб тілінен алынған Зариф — өткір ойлы, ақылды, зейінді; әдемі, сүйкімді, көркем сөзіне «а» қосымшасының жалғануы арқылы жасалған әйел есімі.
ОҢЛАСЫН – қазақтың төл есімі. Түбірі қалау райындағы «оңда» (жарылқа) сөзінен шыққан. Жаңа туған сәбиге «Тәңір жарылқасын, бақыты ерте оянған азаматтардың қатарынан көрінсін» деген ниетпен қойылады. Ел ішінде сирек кездесетін ныспы
РӘБИҒА – арабтың «Рабии», яғни «төртінші бала» деген сөзінен шыққан. Алланың сүйген құлдарының бірі, сопы әулие Рабия Балқия (Ауғанстан аумағындағы қазақтар мен түріктер көп шоғырланған Балық қаласы) отбасында туылған төртінші бала болған.
НӘРКЕС – қазақтың қыз балаға қоятын ырымды ныспысы. Жаңа туған сәбидің көзі тұнық, әдемі болса, осы есімді беретін болған. «Тіл-көзден аман жүрсін, әдемі ару болсын» деген ниетпен қойылады. Және де бақшада өсетін күлтесі ақ немесе сары түсті, хош иісті гүлді де НӘРКЕС деп айтады. Ел ішінде сирек кезде¬сетін есімдер қатарына жатады.
ЖАНТІЛЕУ – қазақтың «жан» (рух) және «тілеу» (тілек, үміт, арман-мақсат) сөздерінің бірігуінен құралған есім. Жаңа туған сәбиге жан тілеуім (бар тілегім) осы баламның үстінде деген ниетпен қойылатын ырымды ныспы. Яғни «осы сәбиімнің өмірдегі бар тілегі қабыл болсын, әрдайым жолы ашық болсын» деген мағына береді. Және де қазақ халқы есімге «Жан» сөзін еркелету мақсатында да тіркейді, «Жанерке, Жанболат» деген сияқты.
ЖАНТІЛЕУ – ел ішінде өте сирек кездесетін есім.
ФАЗЫЛ – қасиетті Құран Кәрімнен алынған арабша есім. «Адал, мейірімді жан» деген мағынаны білдіреді. Жаңа туған сәбиге «Жаратқанның сүйген құлдарының қатарында болып, мейірім-шапағатына бөленсін» деген ниетпен қойылады.
Бұл күндері сирек кездесетін ныспылар санатында.
Мәнсия – арабтың «білімпаз», «білім сүйгіш» деген мағына беретін сөзінен шық¬қан.
ІҢКӘР – қазақтың төл есімі. «Құштарлық, ынтызарлық» дегенді білдіреді. Қазақ қыз балаға бұл ныспыны «өмірге құштар, нәзік те сұлу, жан дүниесі бай болып бойжетсін» деген ниетпен қояды.
МАЙРА – парсының «маһире» сөзімен төркіндес есім. Моншақ мағынасында қолданылады. Қазақ арасында жиі кездесетін есім. Бастапқы мағынасынан ажырап, қазақ ішінде май айында туылғандарға қойылатын ат сияқты болып кеткен.
Өзге мұсылмандар арасында «Маһире» түрінде қолданылады.
АЙНА – парсы сөзі. Мағынасы «жарқын, таза» дегенді білдіреді. Жаңа туған сәбиге «жаны жайсаң, жүзі жарқын, ары таза жан болсын» деген ниетпен қойылады. Ел ішінде жиі кездесетін ныспылардың бірі.
ЗӘУРЕШ – арабтың «зәхра» (нұрлы жүз, жарқын келбет) сөзінен шыққан. Ұлық пайғамбар қызы Фатиманы осылай деп атайды екен. Кейін бұл есім қазақ арасына сіңіп, Зура, Зухра, Зәуре формасында қолданылатын болған.
Бұл есім мұсылмандар арасында, әсіресе шиғалар ортасында, жиі кездеседі.
БИКЕШ – қазақтың төл есімі. Бойжеткен қыздар мен жас әйелдерге айтылатын мәдениетті, ибалы сөз. Және де күн мен түннің теңелу нүктесі орналасқан шоқ жұлдызды Бикеш деп атайды. Жаңа туған қыз балаға «қылықты, ерке, сұлу болып бойжетсін» деген ниетпен қояды..
ЗЕРЕ – қазақтың төл есімі. Көбіне қыз балаға қойылады. Көне түркі тілінде іші қуыс, ұзын келген, сәукелемен бірге киілетін баскиімді және де кіреукенің кеуде мен арқа жақтарына темір не болат тақташалар қосылып өрілетін сауытты осылай атайтын болған. «Сәукеледей әдемі, сұңғақ болып өссін» деген ниетпен қойылатын есім.
МЕРЕКЕ – қазақтың төл есімі. «Салтанат», «Шаттық» деген мағыналарды білдіреді. Жаңа туған сәбиге өмірі шаттыққа, салтанатты сәттерге толы болсын, әрқашан жадырап жүрсін, ата-анасының көз қуанышына айналсын деген ниетпен қояды.
Ел ішінде сирек кездесетін ныспылардың қатарына жатады.
Мәриям – кісі есімдері туралы ғылым бойынша бұл есім иврит тілінен тара¬ған. Сондай-ақ оның латын тілінен шыққаны туралы да болжамдар бар. Оның ма¬ғынасы «сүйікті», «етене жақын» дегенді білдіреді екен. Тарихта бұл есімнің даңқ¬ты және ықпалды әйел адамдарға қойылғаны белгілі. Ономастикалық зерт¬теулерде Мәриям, Мария есімдері «сәби әділ, турашыл болсын деген ниеттен туған» деп жазылады.
Меруерт – «інжу-маржан» сөзінің синонимі. Кейбір деректерге қарағанда, сөз төркіні парсы тілінен шығатын болса керек. Парсылар маржан тастарды «морварид» деп атайды. Алайда олар «Меруерт» немесе «Морварид» деп ат қоймайды. Соған қарағанда, бұл сөз парсы тіліне қазақ тілінен енген сөз болуы әбден мүмкін. Өйткені түркі қауымы арасында тек қазақтар ғана қыздарына осындай есім қояды.
Ғазиз – араб тілінде «қымбат», «асыл» деген мағынаны білдіреді.
Фатима – араб тілінде «емшектен шығарылған» деген мағынаны білдіреді. Бұл есім ең алғаш Мұхаммед пайғамбардың қызына қойылған делінеді.

Қорытынды
Ғылыми зерттеу жұмысының бастапқы кезеңінде аудан кітапханаларына барып, жалқы есімдерді зерттейтін ғылым—ономастика, адам аттары туралы ғылым –антропонимика жөнінде көптеген материалдар жинақтадым.
Жұмыс барысында қосалқы есімдердің түрлерін қарастырып, Шоқан,Абай есімдеріне тоқталдым.
Шоқан есімі қайдан шықты?
Қазақ арасында өте көп оқыған адамдар Шағатайғ, яғни ертедегі түркі тектілері әдеби тілде сөйлеген. Шоқанның ата-анасы оның мінезіне қарап,хан болсын деген тілекпен еркелетіп «Шұ-хан»деп атаған, сол Шоқан болып кеткен екен.
Ал, Абай есіміне келетін болсақ, Зере әже бөбегін ерекше мейіріммен өсірген, «Абайым» деп тербеткен. Немересінің есіміне «сүйкімдім», «қамқорым» деген мағына берген. Зере әженің өз есімі көз тимесін деп мұрнына зер сырға таққаннан, зере атанған.
Бірін-бірі көрмесе де аса дарынды адамдардың ақыл-ойы, парасат биіктігі ұқсас болатыны ғажап. Олар даралық, кемелдік жағынан бірін –бірі толықтырады екен. Оны ізденіс жұмыстар барысында толық көз жеткіздім.
Әр елде, әр кезде халық-анадан халық ұлы болар ұрпақ туады, ол халық-анасының есімін, өзінің үздік талантын өзгеге танытып кетеді.Қазақ халқының сондай ұлдарының бірі-Мұхтар Әуезов. Ал Мұхтар араб тілінде «таңдаулы» дегенді білдіруі –заңдылық емес пе?! Қазақ поэзиясында тек өзіне ғана өзгеше пішінін тапқан шын мәніндегі шынайы таланттардың бірі-Мұхтар Шаханов.
Ілияс есімі туған ел әдебиетінің тарихында Гималайдай зәулім биікте танылады.Жансүгіровтың ақындық әлемі «Қазақ поэзиясының сұлу сарайы» болды.
Ал әдебиетіміздегі ірі тұлғалардың бірі, асыл сөздің қадірін өзгеге ұқтырған дара -дана жазушы-Ілияс Есенберлиннің есімінің Ілияс болуы да кездейсоқтық емес шығар?!
Мұхтар мен Ілиястардың таланты тамырлас, жан азықтары адамгершілікке кеудедегі жалындарын жақсылыққа жұмсайды. Абайлар, Мұхтарлар, Ілиястар туған қазақ жерінде Мағжан, Бейімбет, Мұқағалилар дүниеге келіп, қазақ халқының тарихында,әдебиетінде өзіндік із қалдыратына кәміл сенемін.
Өз жұмысыма қорытынды жасай отыра барлық ата-аналарға және есім қою рәсімі берілген адамдарға төмендегідей ұсыныс-тілек жасағым келеді:
Қазіргі кезде біз үшін мағынасы жоқ әртүрлі Диана, Тансу, Даяна, Алсу, Дамир сияқты қазаққа жат жеңіл аттарды қою белең алып бара жатыр. Әрбір ата-ана баласына ат қоярда өзіне жүктелер жауапкершілікті жете сезініп, оған сақтықпен қараса, он ойланып, жүз толғанып барып қана жүрегі қалаған есімді сәбиіне қойғаны абзал.Адам есімі адам заттың болашақ тағдырын өзгертеді.Балаға ойланып үйлесімді қойылған есім оны шыңға шығарады. Ал, кейбір жағдайларда ауыр есімдер ауыр тағдырға ұшыратады. Өйткені, есімдердің адам өміріне, адам тағдырына тигізер ықпалы мол дегім келеді.Сол себепті бала тағдырының болашағын ойлаған әрбір ата-ана, есім беруші адам қойылған есімге ерекше мән беруге жауапты. Яғни, бала өміріне,тағдырына жауапты.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Т.Жанұзақов. Қазақ есімдерінің тарихы,А. 1971
2. Т.Жанұзақов. К.Есбаева Қазақ есімдері, Ғылым, 1988
3. Т.Жанұзақов Есімдер сыры А. 1974
4. Т.Жанұзақов Есіміңіз кім? А.1989
5. Б.Тілеубердиев Қазақ ономастикасы А. 2006
6. Қазақстан Ұлттық энцоклопедиясы А.2005
7. Уәлиханов Ш.«Қазақ мәдениеті». Алматы, «Аруна»баспасы, 2005жыл
Категория: Хочу поделиться | Добавил: Kanatbekovich (21.04.2015) | Автор: Хусаинова Алмагуль E
Просмотров: 3096 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Вход на сайт
Поиск
Друзья сайта

Академия сказочных наук

  • Театр.kz


  • Copyright "Школа" Интернет-портал "Детство-kz"© 2016
    Сайт управляется системой uCoz